№1 "Қостұра - Тұттыбұлақ қойнауы - Қасқабастау - Мойнақ өткелі - Боралдай шатқалы" көпкүндік туристік маршрутының паспорты

 

 

Маршруттың жіктемесі: жаяу, атпен және автокөлікпен

 

Негізгі географиялық пунктердің атауы:
Бақылау-өткізу бекеті –  координаттары (N 42°51,965, Е 069°52,088),
Ырсымбет үңгірі – координаттары (N 42°50,725; Е 069°51,228),
Қырық бастау – координаттары (N 42°51,965; Е 069°52,139),
Қызметтік үй – координаттары (N 42°52,558; Е 069°53,191),
Қасқабастау – координаттары (N 42°52,312; Е 069°76,225)
Мойнақ өткелі – координаттары (N 42°52,196; Е 070°04,391),
Боралдай шатқалы – координаттары (N 42°52,185; Е 070°04,395)

 

Маршруттың жұмыс істеу мерзімі: мамыр-қыркүйек

 

Маршрут арқылы экскурсия ұйымдастырушысынсыз жүріп өту мүмкіндігі: тек қана экскурсия ұйымдастырушысыныңалып жүруімен шығу.
        Өзіңізбен бірге не алу керек:

  • суға, тасқа төзімді аяқ киім;
  • күнге қарсы көзілдірік;
  • жеке дәрілер қорапшасы.

 

Маршруттағы күрделі учаскелерінің қысқаша сипаттамасы:
           Теректі өзенінен өту кезінде қауіпсіздікті сақтау қажет, жалпы соқпақты жүріп өту барысында тастарды абайлап өту керек.

 

Ықтимал дүлей құбылыстар мен олар орын алған жағдайда топтың іс-қимылы:
          Күн күркіреп жаңбыр жауғанда ағашты паналау немесе шатыр тігіп, сонда күту.

 

Маршрутта жүріп-тұрудың ерекше ережелері:

  • табиғи нысандар мен аншлагтарға залал келтіруге тиым салынады;
  • соқпақты ластамаңыз, мүмкіндігінше барлық кездескен (өзіңдікі, өзгенікі болса да) қоқысты жиып кетіңіз. Бұл үшін сізге табиғат ана рахмет айтады;
  • өзенге ештеңе лақтырмаңыз. Ол жақтың да өз тіршілігі бар, олардың еркін дамуына мүмкіндік беріңіз;
  • ағаштар мен бұталарды сындырмаңыз, сізге кедері болған жағдайда да;
  • ағаштар мен тастарға жазу жазбаңыз, өзіңізден кейін ат жазып,таңба жасап, естелік қалдырудың керегі жоқ;
  • жануарлар кездессе қорқытудың қажеті жоқ. Есте сақтаңыз, сіз олардың қорғалу аймағындасыз;
  • соқпақ барысында немесе аялдау кезеңінде кездейсоқ айқайлап, ысқырып және т.б. дауыс шығарудың қажеті жоқ, себебі, тыныш болсаңыз, көп естисіз, көп көресіз;
  • сүрлеуден шетке шықпаңыз, табиғаттың тепе-теңдігін бұзасыз.
  • өсімдіктерді жұлмаңыз, оларда өссін, жетілсін. Сізден кейін келетіндер де олармен таныссын;
  • өзіңізге естелік ретінде фотосуретке  түсіріп, әрдайым алған әсеріңізді басқалармен бөлісіп жүріңіз. Бұл табиғат ананың Сізге берген ең маңызды сыйы.

 

Маршрутпен жүріп өту жоспары:

 


Маршрут учаскелері

Ұзақтығы, км

Қозғалыс уақыты

Аялдау уақыты

Тамашалау алаңының, суретке түсіру пунктерінің №

Бастап

дейін

1

Бақылау өткізу пункті

Ырсымбет үңгірі

 

3,5

1 сағ.     30 мин.

20 мин.        2 аялдама

Ырсымбет үңгірінде суретке түсу

2

 Ырсымбет үңгірі

Қырық бастау

4,1

1 сағ.     45 мин.

15 мин.         1 аялдама

 

3

Қырық бастау

Қызметтік үй

2,9

45 мин.

45 мин.        1 қызметтік үйде тамақтану

 

4

Қызметтік үй

Қыстаусай үңгірі

1,6

40 мин

20 мин.        1 аялдама

Қыстаусайда үңгірде суретке түсу

5

Қыстаусай үңгірі

 Қасқабастау

8,9

4 сағ.     30 мин.       

20 мин.   
2 аялдама, таңғы, кешкі тамақтану, түнеу уақы-ты кірмеген

Талдыбастау-дағы бұлаққа, үңгір маңында суретке түсу

6

Қасқабастау

Теріскей Бұғықамал

5,5

2 сағ.     45 мин.

20 мин.        2 аялдама

 

7

Теріскей Бұғықамал

Мойнақ өткелі

5,3

2 сағ.   30 мин.

15 мин.        2 аялдама,

Мойнақ өткелінде суретке түсу

8

Мойнақ өткелі

Боралдай шатқалы

1,2

30 мин

30 мин.        1 алаңқайда тамақтану

 

 

Барлығы

 

33

14 сағ.    55 мин

4 сағ.         20 мин

 

 

Маршруттың сызбасы, шартты белгілер:

 

 

Маршруттың қысқаша сипаттамасы. Маршрут бойындағы және тамашалау (шолу) алаңдарындағы қарап-көру объектілерінің қысқаша сипаттамасы:

Маршруттың басталар тұсы бақылау өткізу бекетіне дейін, Шымкент-Шолаққорған трассасынан киелі Теректі әулие бастауы шығып жатқан Теректі ауылы арқылы 25 шақырым автокөлікпен жүреміз. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, Теректі әулие бастауы шығу себебі былай болған, кезінде бұл ауыл ауыз суды өзеннен тасып ішкен екен, біркүндері  қалмақтар бұл ауылдын адамдарын сусыз ешқайда жібермей қырамыз деп, қоршап жатады. Сонда ауылдағы Теректі деген данышпан кісі ауылдан 15 шақырым жердегі Садырқамал жақта ағып жатқан өзеннен жер асты ауылға дейін таспен қалап, су жеткізген деседі. Содан ауыл аман калып, аталған су Теректі әулие бұлағы аталған екен. Бақылау өткізу бекетіне жеткен соң автокөліктерді автотұраққа қойып, Тұттыбұлақ
қойнауы арқылы айналадағы құз жартасты тамашалай отырып, 1 шақырымдай шатқалды қиалай жүріп, бір-бірінен 200 метр қашықтықта жатқан 2 үңгірге куә боламыз. Биіктегі үңгірдің биіктігі тең. деңг. 1899 метрді құрайды. Бұл үңгірді Сұлтанның тәлімі деп те атайды. Бұл жерде 20 минуттай айналаға көз жіберіп, кекіліктің қақылына құлақ түреміз, тіпті көз алдымыздан да ұшып жатады. Одан әрі шамалы төменірек түсіп, алыстан көзге шалынатын Шаншар шыңына бет аламыз. Бұл шың осы маңдағы құздардың төресі десе болады, биіктігі тең. деңг. 2213 метрді құрайды. Осы шыңның орта тұсындағы қойнауында Ырысымбет үңгірі орналасқан. Көнекөз қариялардың айтуынша 1956 жылдарға дейін үңгірден арқырап бұлақ ағып тұрған екен. Бертін келе тектоникалық құбылыстардың әсерінен бұлақ тартылып, үңгір іші тарылып кеткен. Бүгінде көк кептерлерге таптырмас орынға айналған. Осы жерден қарсы беттегі шоқ-шоқ құздар мен тарала созылып жатқан Тұттыбұлақ қойнауына тамсана көз сала отырып, естелікке фотосуретке түсуге мүмкіндік бар. Аздап тынығып алған соң осы келген соқпақ арқылы кайта бақылау өткізу бекетіне келеміз. Себебі, Шаншар шыңы
қойнаудың ең тірелген жері. Бақылау өткізу бекетінен өткен соң, Боралдай өзенін бойлай отырып, 600 метрдей жүрген соң  Қырықбастауға жетеміз. Осы  бұлақтың жанында 15 минуттай тынығып, табиғи шығып жатқан бұлақтан шөл қандырған соң, ары қарай мемлекеттік инспекторлар тұратын қызметтік үйге аяқ басамыз. Осы жолда өсімдіктердің әр алуандылығына, құбылыстарына зерт-
теу жүргізіп отыратын №1 фено-логиялық алаңды кездестіреміз. Мұнда мемлекеттік инспекторлар бақылау жасайды. Қызметтік үйде тынығып, түскі тамақ  ішкен соң, қызметтік үйдің солтүстік шығысына қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан Қыстаусай үңгіріне бет аламыз. Маршрут барысында созылып жатқан Байқалмақ сайын, Аралтау төбешіктерін, Пакиза шыңын, Кереге тас құздарын бақылай аламыз. Үңгірге жеткен соң, естелікке суретке түсіп, табиғаттың қайталанбас сұлулығына тәнті бола отырып, 20 минуттай демаламыз. Одан соң, Боралдай өзенінің едәуір бөлігін құрап жатқан Қасқабастау жеріне бет аламыз. Аталған жерге дейін жолда демалу алаңшасында 20 минут тынығып аламыз. Қасқабастауға жеткенде тағы  20 минут тынығып, осы маңда кешкі асты ішеміз. Сондай-ақ шатырларды құрып, жатуға қамданамыз. Түнгі тіршілік әлеміне бір сәт құлақ түріп, ұйқыға кетеміз. Осылай таңды атырған соң, таңғы асты ішіп, одан әрі жорығымызды жалғастырамыз. Шыңбұлақ, Талдысай шатқалдарын басып өтіп, Теріскей бұғықамалға жетеміз. Бұл маңда ені 30 метр шамасында үңгір бар, ел аузындағы әңгімеге қарағанда ішіне 40 жылқы сиып кетеді екен, сондай-ақ жоғарғы бөлігінде мөлдір су бар деседі. Табиғаттың тылсымына таңырқай қарап, суретке түсіп, тыныққан соң, ары қарай жол
тартамыз. Шамамен өзенді бойлай 5,3 шақырым жүре отырып, Күнгей бұғықамал шатқалдарын басып өтіп, Мойнақ өткелінің алдындағы демалу алаңшасында 15 минут аялдап, демалған соң, шатқалдың ең тар жері Мойнақ өткеліне келеміз. Екі жағы аспанмен тілдескен құздың ортасында ағып жатқан.
Боралдай өзенін жағалай отырып, өткелден өткен соң Үлкен Тұра тасының төменгі бөлігі Боралдай шатқалында орналасқан үлкен демалу алаңшасына түсеміз. Осы маршрут барысында жануарлардан елік, қасқыр, түлкі, борсық, жайра, тас сусары және сондай-ақ ең негізгі Қаратау тауының символы қаратау арқарын көру мүмкіндігі туындайды. Құстарға келсек кекілік, бүркіт, тазқара, жылқыш, жұртшы кездеседі, Әсіресе жұртшы құсының емдік қасиеті өте зор екенін жергілікті халық айтып жүр. Сондай-ақ емдік қасиеті көпшілікке танымал түймедағы, жалбыз, шай шөп, шашыратқы және т.б. өсімдіктерді көптеп кездестіруге болады. Екі күнге созылған маршруттан ұмтылмастай әсер алып, одан әрі автокөлікпен Шымкентті бетке аламыз.